Nauryz Fest. «Туран-Астана »университетінде көктемгі жаңару мерекесі
Новости
Университет

Nauryz Fest. «Туран-Астана »университетінде көктемгі жаңару мерекесі

Nauryz Fest. «Туран-Астана »университетінде көктемгі жаңару мерекесі
 
18 наурыз күні «Туран-Астана» университетінде көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамы кең ауқымда аталып өтті. Бұл күні студенттер, оқытушылар және қонақтар Ұлыстың ұлы күнін бірге қарсы алып, жаңару мен бірліктің, молшылық пен берекенің маңызын ерекше сезінді.
 
Мерекелік шараның шымылдығын жүргізушілер Нурасыл мен Олжас ашып, Наурыздың қазақ мәдениетіндегі орны мен маңызын еске салды. Астана қаласының мәслихат депутаты, университет ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жапарова Гүлжамал Әлкенқызы жиналған қауымды көктем мерекесімен құттықтап, барлық бастамаларға сәттілік пен өркендеу тіледі.
 
Мерекенің маңызды сәттерінің бірі – университеттің ғылым мен білім саласына айрықша үлес қосқан оқытушыларын марапаттау рәсімі болды. Олардың қатарында студенттерге өз білімін аянбай бөлісіп, қазақстандық білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан құрметті ғалымдар мен педагогтар бар.
 
Сонымен қатар, “Аманат” партиясының Астана филиалының атқарушы хатшысы Болысбек Мұхаммед Әбдіәшімұлы да құттықтау сөз сөйлеп, Наурыздың бірлік пен дәстүрлі құндылықтардың символы екенін ерекше атап өтті.
 
Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – қазақ халқының өмірлік циклмен байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының сахналық қойылым түрінде көрсетілуі болды:
Тұсау кесу – сәби алғаш қадам басқан сәтінде жасалатын, оның болашақ өмір жолының жеңіл әрі сәтті болуын тілейтін рәсім. Бұл дәстүрді Ақпараттық жүйелер кафедрасы көрсетті.
Құда түсу – екі әулеттің құдандалы болу рәсімі, бұл дәстүр ұлттық күймен сүйемелденіп, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және тілдік пәндер кафедрасы тарапынан ұсынылды.
Беташар – келіннің бетін ашып, үлкендердің ақ батасын алу рәсімі, оны Ұлттық және халықаралық құқық кафедрасы сахналап көрсетті.
Қыз ұзату – қалыңдықты ұзату рәсімі, оны Бизнес және әкімшілендіру кафедрасы қойды.
Нағыз қазақ тойы – қазақтың дәстүрлі тойының көрінісі, бұл ерекше қойылымды Дизайн, сервис және туризм кафедрасы дайындады.
 
Наурыз мерекесі ұлттық музыка мен би өнерінсіз өтпейтіні анық. Кеш барысында көрермендер студенттердің тамаша өнерін тамашалады. 
 
Наурыз Фест 2025 «Туран-Астана» университетінде тек мерекелік шара ғана емес, ұлттық мәдениетке деген құрмет пен дәстүр сабақтастығының көрінісі болды. Бұл мереке қазақ халқының бай мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.
 
Наурыз әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен бақыт әкелсін!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Поделиться
Все новости

Контакт - центр