Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің баға жетпес қорына саяхат – тарихпен тілдесу
«Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және тілдік пәндер» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты З.Е. Колумбаева «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту барысында студенттердің тарихқа деген қызығушылығын арттыру, оларды уақыт кеңістігіне жетелеу және өздік жұмысты белсендіру мақсатын көздейді. Тарихи білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістер бұл салада жаңа көзқарастарды қалыптастыруды, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушыларына заманауи педагогикалық технологияларды пайдалануды талап етеді. Бұл әдістер бүкіл әлемде қолданылатын тұлғалық және плюралистік көзқарасты дамытуға негізделген критерийлерге сәйкес келеді.
Ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихы курсы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарға терең ғылыми және тарихи талдау жасауға негізделген. Осы үдерісте Қазақстан Республикасы аумағындағы адамзат қоғамының даму кезеңдерін айқын көрсететін заттық дереккөздер ерекше маңызға ие.
Ең қызықты тапсырмалардың бірі – заттық деректермен жұмыс істеу және зерттеу жүргізу. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген құнды артефактілер табылып, олар Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің баға жетпес қорын құрайды. Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 20 зал бар, олардың ішінде:
Ежелгі және ортағасырлар тарихы залы
Көне түркі өркениеті залы
Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялары залы
XIII-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихы залы
Қазақтың дәстүрлі мәдениеті залы
Тәуелсіз Қазақстан залы
Астана залы
Материалдық емес мәдени мұра залы
Палеонтология залы
Қолөнершілер орталығы
Заманауи бейнелеу өнері залдары
Музейге жасалған рухани саяхат – бұл жай ғана экскурсия емес, уақытпен сырласу, жас ұрпақтың өз тарихын тереңірек түсінуіне, ата-бабасына деген құрметін арттыруына және мәдени мұраны сақтау маңыздылығын сезінуіне жол ашады. Заттық деректермен жұмыс жасау арқылы студенттер тарихи оқиғаларды ой елегінен өткізіп, олардың қазіргі заманға әсерін ұғынады.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мәдени мұраны сақтауда ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың патриоттық сезімін, тарихи санасын және ғылыми-зерттеу ісіне деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарады.