Жыр төгілген кеш
Жаңалықтар
Кафедра "Социально-гуманитарные и языковые дисциплины"

Жыр төгілген кеш

Жыр төгілген кеш

23.09.2021 ж. "Тұран-Астана" университетінің студенттері, магистранттары үшін ерекше күн болды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың  және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгеревамен әсерлі кездесу өтті. Қазақ поэзиясына жүректен төгілген нәзік лиризммен сананы сілкіндіретіндей шыншыл сезім әкеліп ажарландырған, көктемдегі ақжауындай түр берген Ақұштап Бақтыгереева жырларының жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні де зор. 
«Мағыналы да тарихи кеш, ертеңге аңыз болар кездесу болғалы тұр» деп университет проректоры Ғайнелғазы  Әділғазинов кіріспе сөзінде айтып өткендей, осы кеште ғибратты әңгіме мен сыршыл да сезімтал жыр кезегімен төгілді. Ақын өзінің өлеңдерін оқи отырып, қыз тәрбиесі, ұрпақ міндеті, ұлт намысы туралы салмақты әңгімелер айтты. «Бізде қазір баланы жалғызілікті адамдар тәрбиелейді, сондықтан кейде олай-бұлай сөйлеудің өзінен қаймығып отырамыз. Бірақ әкеге тартып туған, әкеге қарап өскен баланың еңсесі тік болады. Отбасын құндылық деп ұғып, некені барынша сақтау керек. Қытайдың санының көп болуы және кейбір саладан бізден мықты болуы - олардың Конфудзының іліміне сүйенуіне байланысты екен. Адамзат, айталық бабасының жасағанын ¬- атасы, оның жасағанын әкесі, одан баласы жалғап отырса, үзбесе, сол кезде ғана ұлылық болады дейді екен. Ал, бізде бәрі үзіліп қалды. Біз әкенің орнын биіктетуіміз керек, «әкеңе айтам», «әкеңді тыңда» деген ұлағатты жоғалтып алдық» деді ақын. 
 Сондай ақ ақын Желтоқсан оқиғасы, оның ұлт жадына өшпес таңба, жазылмас жара салғанын, Жұбан ақынның Колбинге қаймықпай қарсы сөйлеген қайраткерлігі жайында өте әсерлі әңгіме айтып, өзінің «Желтоқсан» атты шығармасын оқыды. Өз кезегінде ТАУ студенттері мен магистранттары да ақынға деген құрмет сезімдерін өз өнерлері арқылы білдірді. ТАУ магистранты Ерлан Аманқожа: 

Әр басқан қадамынан жұпар есіп,
Даланың иісі аңқып тұр тас қалада.
Тыңдасақ әңгімесін құлақ тұрып,
Ғибрат айтары көп жас балаға.
Ал қане қошаметпен қарсы алайық,
Жыр саулар қос қанатын қақса дара.
Есілдің толқып жатқан айдынына,
Жайықтан келіп қонды ақ шағала.
Бағытын оңға бұрған бұлдыр көштің,
Еңбегіңді айтып, апа, үлгірмеспін.
Киесі таңдайында қара өлеңнің,
Иесі топты жарған дүлдүл дестің.
Жақсымен дидарласқан бір ғанибет,
ала алмас алмастырып мың жылға ешкім.
Болашақ аңыз қылып айта жүрер,
Құны бар бір ғасырлық бұл бір кештің! – деп, шынайы құрмет сезімнен туған жырын арнаса, Шәкизат Қайырғалиева ақынның сөзіне жазылған «Мен сені ойлайтынмын»  әнін шырқады. Сондай ақ, Ризабек Нүсіпбекұлы «Ақ шыңдар» өлеңін, Еламан Сарқыт пен Жұпар Қосай өз өлеңдерін оқыды. 

Гүлназ Төкенқызы ф.ғ.к., Тұран -Астана университетінің
профессоры, Әлеуметтік-гуманитарлық және тілдік пәндер  кафедрасының меңгерушісі

Поделиться
Барлық жаңалықтар

Байланыс орталығы