Экономикалық реформалар эпицентрінде: «Тұран-Астана» университетінде жаңа Салық кодексі талқыланды
«Тұран-Астана» университеті мемлекеттік орган өкілдері, ғылым саласы мен экономиканың болашақ көшбасшылары арасындағы сындарлы диалог алаңына айналды. «Жаңа салық кодексі: экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттіліктің теңгерімі» тақырыбындағы дөңгелек стол еліміздің қаржы саясатының негізгі архитекторларының басын қосты.
Талқылау ресми баяндамалармен ғана шектелген жоқ. Жиынның басты өзегі — бизнестің өсуін ынталандыру мен азаматтарды әлеуметтік қолдау қағидаттарының бұлжымастығын сақтау арасындағы «алтын теңгерімді» іздеу болды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігі өкілдерінің қатысуы пікірталасқа реформаларды әзірлеушілер мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы «тікелей байланыс» мәртебесін берді.
Іс-шараның ауқымын қатысушылар құрамы айқындай түсті: «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ сарапшылары мен Экономикалық саясат институтының жетекші аналитиктері салық сервистерін цифрландырудың қолданбалы механизмдерін таныстырды. Өңірлік және елордалық жоғары оқу орындарының жетекші профессорлары мен оқытушылар құрамы ұсынылып отырған жаңалықтарға терең академиялық сараптама жасады.
ТАУ-дың белсенді студенттеріне ерекше назар аударылды. Жас мамандар ведомство өкілдеріне тікелей сұрақтар қойып, теориялық білімді шынайы мемлекеттік процестерді түсіну деңгейіне көтеруге бірегей мүмкіндік алды.
ТАУ-да өткен дөңгелек стол университеттің елордадағы жетекші интеллектуалды хаб ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қатысушылар тек пікір алмасып қана қоймай, Қазақстанның жаңа салық моделінің тиімділігін және, ең бастысы, әділеттілігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар пакетін әзірледі.
«Салық реформасы - бұл жай ғана бизнеске арналған ережелер жиынтығы емес, бұл заңнамалық деңгейде бекітілген әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының іс жүзіндегі көрінісі», — деп түйіндеді жиынға қатысушылар.