JOLTAP: жастардың кәсіби дамуына арналған жаңа мүмкіндіктер
2026 жылғы 19 қарашада «Тұран-Астана» университетінде «JOLTAP» жобасының өкілдері мен университеттің Жоғары мектептерінің белсенділерінің қатысуымен ақпараттық-танымдық кездесу өтті.
Кездесудің басты назарында - сұранысқа ие жұмысшы және цифрлық мамандықтарды тегін оқыту мүмкіндіктері, тәжірибелік дағдыларды меңгеру және жастардың кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыру көкжиегін кеңейту мәселелері болды.
Жоба өкілдері студенттерге қолжетімді білім беру бағдарламалары, қатысу шарттары, тіркелу тәртібі және оқыту форматтары туралы жан-жақты баяндады. Еңбек нарығының заманауи талаптарына бағытталған SMM, таргеттелген жарнама, мобилография, видеография, маркетплейстермен жұмыс істеу бағыттары, сондай-ақ бариста мен дәнекерлеушіден бастап жиһаз құрастыру мен аяқ киім жөндеуге дейінгі жұмысшы мамандықтары ерекше қызығушылық тудырды.
JOLTAP жобасының маңызды артықшылығы - оқытудың қолжетімділігі мен тәжірибелік бағыттылығы. Ұзақтығы 5 күннен 22 күнге дейінгі курстар тегін өткізіледі. Қатысушылар қажетті шығын материалдарымен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіледі, ал оқуды аяқтаған соң сертификат табысталады. Сонымен қатар жоба аясында жұмысқа орналасуға, фриланс қызметін дамытуға және жеке кәсіп ашуға қолдау көрсетіледі.
Кездесу барысында студенттер көкейкесті сұрақтарын қойып, бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды.
Мұндай бастамалар жастардың тәжірибелік білімге қолжетімділігін арттырып, сұранысқа ие құзыреттіліктерді меңгеруге және заманауи еңбек нарығында өзін сенімді сезінуге көмектеседі.
Студенттер үшін осындай білім беру жобаларына қатысу - жаңа дағдыларды игеру ғана емес, сонымен бірге кәсіби дербестікке жасалған нақты қадам
