Әділғали Баяндиннің «Талғам түйіндеген талант» атты жеке көрмесі ашылды
16 қыркүйекте, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының көрме залында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, «Тұран-Астана» университетінің доценті, суретші Әділғали Баяндиннің «Талғам түйіндеген талант» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрме «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында ұйымдастырылды. Экспозицияда суретшінің шығармашылық ізденістерін, ұлттық мәдениетке деген құрметін, тарихи сана мен қазақ бейнелеу өнерінің дәстүрлі құндылықтарына негізделген көркемдік көзқарасын танытатын туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Әділғали Баяндин өз шығармаларында ұлттық дүниетаным мен заманауи көркемдік шешімдерді шебер ұштастырып, көрерменді өзіндік шығармашылық әлеміне жетелейді. Әр туындыдан автордың өмірге, тарихқа және туған жердің рухани мұрасына деген терең көзқарасы аңғарылады.
«Талғам түйіндеген талант» көрмесі – суретшінің көпжылдық шығармашылық ізденісінің, кәсіби шеберлігі мен көркемдік талғамының нәтижесін айшықтайтын маңызды мәдени оқиға. Сонымен қатар көрме жас суретшілер мен студенттер үшін ұлттық өнерді тереңірек танып, кәсіби шығармашылық тәжірибемен танысуға мүмкіндік беретін тағылымды алаңға айналды.
Көрменің ашылу салтанатына өнер қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері, «Тұран-Астана» университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ өнерсүйер қауым қатысты. Қонақтар суретшінің шығармашылығына жоғары баға беріп, туындылардың мазмұндық тереңдігі мен көркемдік ерекшелігін атап өтті.
Әділғали Баяндиннің жеке көрмесі Қазақстанның мәдени кеңістігіндегі заманауи өнердің маңызын айқындаған мәнді мәдени шара болды.
«Тұран-Астана» университетінің ұжымы әріптесіміз Әділғали Сәрсенұлын жеке көрмесінің ашылуымен және шығармашылық жетістігімен құттықтап, өнер жолында жаңа белестер мен толағай табыстар тілейді!