«Тұран-Астана» университетінде қалалық студенттік пікірсайыс турнирі өтті
Өзекті қоғамдық мәселелер, дәлелді пікірталастар және зияткерлік бәсекелестік «Тұран-Астана» университетінде ұйымдастырылған қалалық пікірсайыс алаңында елордалық жоғары оқу орындарының студенттерін біріктірді.
25 қарашада «Тұран-Астана» университетінде елордалық жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен қалалық студенттік пікірсайыс турнирі өтті.
Іс-шараны «Тұран-Астана» университетінің «Жастар орталығы» Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Debat Eli» қорының қолдауымен ұйымдастырды.
Турнир «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мен «Jargyn Bolashaq» жобасын іске асыру аясында өтті. Оның басты міндеті - жастар арасында пікірсайыс мәдениетін дамыту, сыни ойлау мен көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ лудомания мен басқа да зиянды әдеттердің алдын алу болды.
Зияткерлік сайыстың басты тақырыбы: «Онлайн-казино: жеке таңдау ма әлде әлеуметтік мәселе ме?» деген сұрақ болды. Қатысушылар жеке жауапкершілік шегін, құмар ойындардың таралуының әлеуметтік салдарын және онлайн-казинолардың қолжетімділігіне байланысты тәуекелдерді талқылай отырып, мәселені жан-жақты қарастырды. Пікірсайыс барысында студенттер дәйекті дәлелдер келтіру, қарама-қарсы көзқарастарды талдау және өз ұстанымын жүйелі түрде қорғау қабілеттерін көрсетті.
Турнирдің тәжірибелік бағыты оған ерекше маңыз берді: ашық диалог пен зияткерлік бәсекелестік арқылы жастар өздерінің шешендік шеберліктерін сынап қана қоймай, өзекті әлеуметтік сын-қатерлерді тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 225 000 теңгені құрады. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен марапатталды: бірінші орынға - 100 000 теңге, екінші орынға — 75 000 теңге және үшінші орынға - 50 000 теңге табысталды.
Турнир қорытындысы бойынша I орынды Айтбаев Алихан мен Құрамыс Камила иеленді.
II орынды Гарифоллаев Мерей мен Мирон Нұрдәулет жеңіп алды.
III орынға Бердімұрат Алмат пен Есенжол Еркін тұрақтады.
Байқаудың финалистері Әуелхан Мөлдір мен Сайлаубек Сәбит атанды.
Турнирдің үздік спикерлері болып Айтбаев Алихан мен Әуелхан Мөлдір танылды.
Жеңімпаздарды тамаша нәтижелерімен құттықтаймыз, ал барлық қатысушыларға жарқын ойын, мықты дәлелдер және жоғары дайындық деңгейі үшін алғыс білдіреміз. Жастарға қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа зияткерлік белестерді бағындыруды және шешендік өнерді одан әрі дамытуды тілейміз!
Осындай зияткерлік алаңдарды өткізу өз ұстанымын дәлелді түрде білдіре алатын және қоғамдық маңызы бар мәселелерге саналы түрде қарайтын белсенді әрі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жастарды қалыптастыруға ықпал етеді.
«Тұран-Астана» университеті студенттердің көшбасшылық қасиеттерін, азаматтық белсенділігі мен зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасай отырып, жастар бастамаларын қолдауды жалғастырады.
