TAU студенттерінің жобасы халықаралық стартаптар байқауында жоғары бағаланды
«Тұран-Астана» университетінің студенттері Қазақстан мен аймақ елдерінің студенттері мен магистранттарының басын қосқан «Менің арманым» халықаралық жастар бизнес-жобалары байқауының сегізінші маусымына қатысты. Байқау инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға және бастапқы кезеңдегі стартаптарды қолдауға бағытталған.
Университет командасы SocialBeef Market жобасын таныстырды. Бұл - қаланың негізгі мәселелерінің бірі, яғни халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сапалы азық-түліктің қолжетімділігін шешуге бағытталған сиыр етін сатудың әлеуметтік моделі. Ұсынылған жоба инновациялылығы мен әлеуметтік маңыздылығы үшін жоғары бағаланып, «Үздік әлеуметтік стартап» номинациясын жеңіп алды.
Команда құрамында «Менеджмент» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Ботан Әмір, Даниярова Рада, Қазбекқызы Аида және Құбаева Аида болды. Стартап менторы – Беспаев Мұрат Ерікұлы.
Жобаның негізінде айқас субсидиялау механизмі жатыр: премиум ет өнімдерін сатудан түскен пайда зейнеткерлер, студенттер және көпбалалы отбасылар үшін негізгі өнімдердің құнын төмендетуге жұмсалады. Команда келесідей кешенді шешімдерді ұсынды:
фермерлік шаруашылықтардан делдалсыз тікелей жеткізу;
ашықтық пен бақылаудың цифрлық құралдары (QR-сәйкестендіру, мемлекеттік деректер базасымен интеграция);
қалдықсыз өндіріс принциптерін енгізу (Zero-Waste);
ассортиментті тиімді басқару үшін аналитика мен сұранысты болжауды қолдану.
Мұндай модель өнімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жобаның қаржылық тұрақтылығы мен оны ауқымдандыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Жоба менторы М.Е. Беспаев қатысу нәтижелері туралы: «Бүгінгі таңда біз студенттік жобалардың нарық пен қоғамға әсер ете алатын шешімдер санатына қалай ауысып жатқанын көріп отырмыз», — деп атап өтті.
Жобаның Hackathon TAU-InnoBattle хакатонының қорытындысы бойынша университетте құрылған TAU-ResearchLab ғылыми-зерттеу зертханасы аясында әзірленуі принципті түрде маңызды. TAU-ResearchLab «Бизнес-әкімшілендіру» кафедрасы жанында жұмыс істейді және TAU-InnoHub инновациялық экожүйесінің бөлігі болып табылады. Зертхана студенттік идеялар қолданбалы зерттеулер мен нақты бизнес-жобаларға айналатын алаң қызметін атқарады.
Зертхананың құрылуы хакатон аясында оның тұжырымдамасын ұсынған студенттердің өз бастамасының нәтижесі болды. Бүгінде аға оқытушы М.Е. Беспаевтың жетекшілігімен TAU-ResearchLab оқу процесін, ғылыми қызметті және кәсіпкерлікті біріктіріп, студенттерге нақты кейстермен жұмыс істеуге және жеке стартаптарын дамытуға мүмкіндік береді.
Халықаралық байқауға қатысу команда үшін өз бизнес-моделін сынақтан өткізуге, сарапшылық баға алуға және жобаны сыртқы алаңда танытуға мүмкіндік берген маңызды кезең болды.
«Тұран-Астана» университеті студенттік бастамалар болашақ бизнес-жобалар мен технологиялық шешімдердің негізіне айналатын инновациялық экожүйені дамытуды жалғастыруда. Дәл осы жерде өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, оларды қалыптастыруға дайын мамандардың жаңа буыны тәрбиеленуде.