БОЛАШАҚ ЗАҢГЕРЛЕРДІҢ МАНСАПТЫҚ БАСТАУЫ
2026 жылғы 15 қазанда «Тұран-Астана» университетінде «Болашақ заңгердің мансаптық бастауы: кәсіби түйіндеме мен портфолио дайындау» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Кездесуге Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ Жұмыс берушілерді қолдау секторының мамандары Мұханбетжанова Диана Қанатқызы және Мерсат Айгерім сарапшы ретінде қатысты.
Семинар барысында B049 «Құқық» тобына кіретін білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар еңбек нарығының өзекті талаптарымен танысып, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша практикалық ұсынымдар алды. Сарапшылар кәсіби түйіндеме құрастыру, портфолио қалыптастыру, өз құзыреттері мен жетістіктерін жұмыс берушіге тиімді таныстыру қағидаларын жан-жақты түсіндірді.
Алғашқы жұмыс орнын іздеу, сұхбаттасуға дайындалу және жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптары мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ашық диалог форматында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды талқылап, кәсіби кеңес алды.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру және университеттің басқа білім беру бағдарламаларының білім алушылары үшін де осындай семинарлар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар «Тұран-Астана» университеті мен Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасасу мүмкіндігі қарастырылды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар — Елшибекова Құралай Жанатқызы және Каиржанов Тамирлан Сайранбекұлы.