Жаңалықтар
Университет

Тұран-Астана» университеті жаңа білім беру бағдарламалары бойынша аккредиттеуден өтті

«Тұран-Астана» университеті өзінің білім беру бағдарламаларының ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеді.

Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік (IQAA / БСҚТА) Аккредиттеу кеңесінің шешімімен «Маркетинг» және «Комплаенс-қызмет» магистратура бағдарламалары 5 жыл мерзімге ресми алғашқы аккредиттеуден өтті.

​Бұл шешімнің алдында 2026 жылғы 5 мамырда университеттегі аудит жұмысын аяқтаған Сыртқы сарапшылық топтың (ССТ) сапары болды. Сарапшылардың келуі жоғары оқу орнының білім беру қызметінің сапасын тәуелсіз бағалаудың негізгі кезеңіне айналды.

​Аудит аясында сарапшылық комиссия бірнеше бағыт бойынша кешенді тексеру жүргізді:

​Ректормен, проректорлармен және құрылымдық бөлімшелердің басшыларымен брифингтер мен сұхбаттар өтті. Сарапшылар жаңа бағдарламалардың даму траекториясын, сапа менеджменті жүйесінің тиімділігін және профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін жан-жақты бағалады.

​Комиссия ғылыми-лабораториялық қорды, оқу аудиторияларын және Кітапханалық-ақпараттық орталықты көзбен көріп, тексеру жүргізді. Сондай-ақ «Платонус» ақпараттық жүйесіндегі студенттерді академиялық қолдау функционалы тексерілді. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы кадрларды сапалы даярлауға дайындығын толықтай дәлелдеді.

​Университеттің жетекші жұмыс берушілері мен серіктестерінен сұхбат алу аудиттің маңызды бөлігі болды. Сарапшылар жұмыс істеп тұрған практика базаларын аралап, білім алушылардың қолданбалы құзыреттіліктері мен түлектердің нарықтағы сұранысқа ие болу деңгейін бағалады.

​Магистранттармен кездесулер өтіп, оның барысында тәуелсіз сарапшылар оқу жағдайларына және зерттеу жұмыстарына арналған мүмкіндіктерге көңілдері толатындығын жоғары деңгейде атап өтті.

​Комиссия жұмысының қорытындысы оқу-әдістемелік және нормативтік - құқықтық құжаттаманы егжей-тегжейлі зерделеу болды. ССТ есебі мен әзірленген ұсынымдар негізінде Аккредиттеу кеңесі оң шешім шығарды.

​        

Алғашқы аккредиттеуден максималды мерзімге сәтті өту - бұл университет ұжымының жүйелі жұмысының нәтижесі және TAU бағдарламаларының заманауи экономиканың өзекті сұраныстарына жауап беретіндігінің дәлелі.

Поделиться
Барлық жаңалықтар