1995 жылы 4 қарашада Алматы облысының Райымбек ауданында (Оңтүстік-Шығыс Қазақстан) дүниеге келген. Алғашқы кәсіби білімін Т. Жүргенов атындағы өнер колледжінде алып, оны 2015 жылы «суретші-аниматор» мамандығы бойынша аяқтады.
2015–2019 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетінде «суретші, режиссер-аниматор» мамандығы бойынша грант негізінде білім алып, үздік тәмамдады. 2019–2021 жылдары «кино және телевидение режиссурасы» мамандығы бойынша магистратураны аяқтап, кәсіби біліктілігін тереңдетті.
Еңбек жолын 2017–2018 жылдары «Bilim Media Group» компаниясында флеш-аниматор және иллюстратор қызметінен бастап, білім беру бағытындағы анимациялық жобаларды әзірлеуге белсенді қатысты. Осы кезеңде мектеп оқушыларына арналған қазақ тілінен анимациялық сабақтар жасады, Adobe Flash CS6 бағдарламасында анимация жасаумен, дыбыс пен бейнені үндестірумен айналысты. Сондай-ақ Adobe Illustrator және Photoshop бағдарламаларында кейіпкерлер мен иллюстрациялар әзірлеп, көркемдік шешімдер мен визуалды безендіру жұмыстарын атқарды.
2019 жылы «Қазақфильм» киностудиясында суретші және аниматор ретінде жұмыс істеп, кәсіби тәжірибесін арттырды. AR-жобаларға қатысып, 3D-модельдеумен, кейіпкерлер жасаумен және анимациямен айналысты. Сонымен қатар музыкалық бейнебаяндарға арналған анимациялық роликтермен жұмыс істеді (сценарий жазу, сториборд әзірлеу және кадр бойынша визуалдау).
2020 жылдан бастап Астана қаласының Мемлекеттік академиялық жастар театрында киім суретшісі болып жұмыс істейді. Бірқатар маңызды спектакльдердің киім және сахналық безендірілуін жасауға қатысты, олардың ішінде:
«Сылаң қыз» (Ж. Аймауытов, режиссері А. Мәемиров) — киім суретшісі;
«Мәншүк» (М. Омарова, режиссері А. Мәемиров) — киім суретшісі;
«Қыз жылаған» (Р. Мұқанова, режиссері А. Максим) — киім суретшісі және сценограф;
«Әміре» — музыкалық спектакль (режиссері А. Мәемиров) — киім суретшісі;
«Театр әлемі» жобасы (режиссері А. Мәемиров) — киім суретшісі;
«S.O.S» (М. Омарова, режиссері А. Ғұмаров) — киім суретшісі және сценограф;
«Наурыз думан» (М. Ахманов, режиссері Е. Мырзахмет) — киім суретшісі және сценограф.
2024–2025 жылдары «Шабыт» университетінде сабақ берді. 2025 жылдан бастап «Тұран-Астана» университетінде «этнодизайн» мамандығының студенттеріне дәріс береді.
Жетістіктері:
2017 жылы Қазақстандағы Гёте-институтының «Қала кеңістігі: Астананың жасыл энергиясы» жобасы аясында ең үздік анимациялық ролик конкурсына қатысқаны үшін сертификатпен марапатталды.
2025 жылғы 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Үздік киім суретшісі» номинациясы бойынша лауреат атанды.